Соңғы 5 жылда машина жасау саласына 1 млрд. еуродан астам инвестиция тартылды - Әсет Исекешев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда машина жасау саласына 1 млрд. еуродан астам инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін өтіп жатқан ІІ Қазақстан машина жасаушылар форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев айтты.
«Бес жыл ішінде машина жасау саласының өндірісі 3 есе ұлғайды. Дегенмен алда әлі қыруар жұмыс бар. Саланың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі де ұлғайды. Егер 2008 жылы инвестиция көлемі шамамен 10 млрд. теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 48 млрд. теңгеге жетті. Бұл бұған дейінгі 4 жылда тартылған инвестициядан үш жарым есе көп. Сонымен қатар, өндірілетін өнімнің номенклатурасы да кеңейді. Егер 2008 жылы еліміздегі машина жасау өндірісінде үш негізгі сала болған болса, 2012 жылы 6 сегмент жұмыс жасап тұрды. Бұрын соңды шығарылмаған жаңа тауарлар да шығарыла бастады», - деп атап өтті Ә.Исекешев.
Оның айтуынша, соңғы төрт жылда аталған салаға 70 жоба енгізілді. Жеке инвестициялар көлемі де бұрын соңды болмаған деңгейге көтерілді.
«Әсіресе маңыздысы, қаржылай инвестиция ғана емес, технологиялық инвестициялар да құйылды. Мәселен «GeneralElectric», «Alstom», «Toyota», «Siemens» және басқа да көптеген ірі компаниялар елімізге келе бастады», - деді ол.
Оның айтуынша, осы шаралардың нәтижесінде көптеген жаңа шағын салалар пайда болды.
«Бірінші бесжылдық шеңберінде ерекше атап өтілетіні - автоөнеркәсіп пен темір жолдық машина жасау саласы. Автоөнеркәсіптің үлесі 2013 жылдың өзінде 2008 жылмен салыстырғанда төрт есе өсті. Машина жасау саласының үлесі 18 пайызды құрады, бұған дейін тек 4 пайыз болған. Өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 12 есе көтерілді және де осы сала бойынша автокөлік өндірушілер несиелер мен лизингтер ретінде мемлекеттен 10 млрд. теңгеден астам қаражатқа көмек алды», - деді министр.