Соңғы 5 жылда мүгедек деп танылғандардың саны 3 мыңға дейін азайды
ТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, еңбек салаларында қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде 2006 жылмен салыстырғанда мүгедек ретінде танылған адамдар саны 3 мыңға дейін азайды.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
«Мүгедектіктің алдын алу мақсатында алдағы уақытта денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бірқатар шаралар атқару көзделуде. Атап айтқанда, барлық бағыттар бойынша жұмыс жалғасады. Жаңа технологиялық үдерістер, кәсіптер мен өндірістік факторлар ескеріле отырып, кәсіптік аурулардың тізімі кеңейтіледі. Кәсіптік және өндірістік аурулар қатері жоғары топтарды бөлу өлшемдері әзірленеді. Осы топтағы азаматтарға арналған медициналық, емдеу, оңалту әдістемесі жасалатын болады», - дейді Г. Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті орындарда жұмыс істейтін қызметкерлерге міндетті кәсіптік әлеуметтік сақтандыру жүйесі жетілдіріліп отыр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әрбір мүгедекке қатысты оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленіп жатыр.
«Қазіргі кезде 140 мыңнан астам мүгедектердің жеке бағдарламалары бар. Дегенмен, жұмыстың осы кезеңінде біршама олқылықтар орын алып отыр. Мәселен, жекелеген жағдайда мүгедектік тобын дұрыс белгілемеу орын алуда. Ал кейбір мүмкіндігі шектеулі азаматтарда оңалтудың жеке бағдарламасы жоқ. Ал кей жағдайда мүгедектердің жеке мұқтаждары мен қажеттіліктері ескеріле бермейді. Бұның орын алуына бірқатар мәселелер себеп болуда. Мәселенки, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне қарағанда, сарапшы дәрігердің жалақысы аз. Сондықтан да бұл қызметке қызығушылық та төмен», - дейді Г. Әбдіқалықова.