Соңғы 8 айда 4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп саласы басқа аймақтарға қарағанда бір қатар алда екені белгілі. Облыстың көрсеткішін арттыруға атсалысып отырған аудандар аз емес. Мәселен, Қазығұрт ауданында өнеркәсіп саласы қарқын алып келеді, деп хабарлайды shymkenttv.kz. Қазірдің өзінде аудан көлемінде 16 кәсіпорын жұмыс істейді. Елеулі еңбектің жемісі, дәлелі ретінде 2016 жылдың 8 айында өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 4 млрд. теңгеге жуықтайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 860 млн. теңгеге артығымен орындалып отыр. «Lotus Food Company LLC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылысы 2014 жылдан бастау алған бұл серіктестік «Тез әзірленетін тағамдар» дайындау өндірісімен айналысады. Жобалық құны 472 млн. теңгені құрайтын кәсіпорынның қуаттылығы мықты. Жылына 620 мыңнан аса қаптама әзірленеді.
Өнімді Республика аумағының барлық қалаларына өткізу жоспарда бар. Күнделікті тұрмыста жоғары сұранысқа ие, тез дайындалатын өнімдер шығаратын кәсіпорын 58 адамды жұмыспен қамтуда. Жергілікті өнім ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Бұл орайда дәрігер Балнұр Әбдірайымова тез әзірленетін отандық дәмнің түскі уақытта тиімді екенін атап айтты.
Жылына 1079 тонна өнім шығаратын кәсіпорын мемлекеттік саясаттың жемісі болып табылатын индустриялық аймақта іске қосылған. Болашақта мұнда ауыл шаруашылығы саласына арналған биоорганикалық тыңайтқыштар шығаратын фабрика құрылады деп жоспарлануда. Бұл фабрика ТМД елдерінде баламасы жоқ жоба болмақ.