Соңғы 8 айдың ішінде 22 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ағымдағы жылдың 8 айында есірткі қылмысына қатысты 6,5 мың оқиға анықталып, 22 тонна 400 килә есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет төрағасы атап көрсеткендей, тәркіленген есірткінің 22 киләсі - героин. Жалпы, анықталған есірткі заттарының қара нарықтағы бағасы 2,5 млрд. теңгені құрап отыр. «Сондай-ақ соңғы 8 айдың ішінде 5 ұйымдасқан қылмыстық топ және есірткі трафигінің 84 арнасы жойылды. Бұл жұмыс жалғасуда. Осы айдың өзінде 1 тоннаға жуық есірткі заттары айналымнан шығарылды. Оның 4 киләсі - героин», - деді Ж.Сүлейменов.