Соңғы 9 айда сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жалпы саны 8,7%-ға өскен - қаржы полициясы
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - 9 айдың қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жалпы саны 8,7%-ға өскен.
Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) төрағасы Рашид Түсіпбековтің қатысуымен өткен мәжілісте Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашу және алдын алу департаментінің бастығы Марат Сексембаев мәлімдеді деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
М. Сексембаевтың айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жалпы санының 8,7%-ға өсуімен (1525-тен 1657-ге дейін) қатар, жауапкершілікке тартылған тұлғалар санының (594-тен 785-ге дейін немесе 32%-ға) да артқандығы байқалған.
«Аяқталған сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 7,4 млрд. теңгені құрады, оның 6,7 млрд. теңгесі (немесе 90%) қайтарылды», - деп атап өтті М. Сексембаев.
Сонымен қатар, М.Сексембаев лауазымды тұлғалардың көлеңкелі экономика субъектілеріне жәрдемдесу фактілерін әшкерелеуге баса назар аударылғанын айтты.
Ведомствоның мәліметінше, Салық органдары қызметкерлерінің жалған кәсіпкерлік субъектілеріне қамқоршылық жасауының 11 фактісі, кеден органдары мен шекара қызметкерлерінің қатысуымен жасалған 4 экономикалық контрабанда фактісі анықталды.