Соңғы алты айда Қаржы полициясы заңсыз банкроттық фактілері бойынша 29 қылмыстық іс қозғады
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2009 жылдың соңғы алты айында Қаржы полициясы заңсыз банкроттық фактілері бойынша 29 қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның 12-сі сотқа тапсырылған.
«Қылмыстардың келтірген залалы 338 млн. 800 мың теңгені құрады. Оның 247 млн. 200 мың теңгесі өтелді», деді М.Жұманбай.
Банкрот болған жағдайда борышкердің күні бұрын өз меншігіндегі мүлікті жасыру немесе иелігінен шығару фактілері белең алған.
«Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында банкрот болып танылған «Мейір К» ЖШС-нің директоры компания иелігіндегі мүлікті шығарып, мемлекетке 12 млн. теңге залал келтірген. Ол бір жыл бас бостандығынан шартты айыру жазасына кесілді», дейді ресми өкіл.
Заңсыз банкроттықтың кең тараған тағы бір түрі қасақана банкроттық болып табылады. Бұл фактілер бойынша Қаржы полициясы 13 қылмыстық істі қозғады.
«Аталған қылмыстардың басым бөлігі борышкердің мүлікті иеліктен заңсыз шығару арқылы төлем қабілетсіздігін қасақана арттыруымен байланысты», деп атап көрсетті ол.