Соңғы аптада 1 мың 850 қылмыстың беті ашылды ? апталық брифинг

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақпан айының 7-сі мен 13-і аралығында республикада 2 мың 251 қылмыс жасалды. Олардың 31-ін - кісі өлтіру, 31-ін - қарақшылық, 188-ін тонау әрекеттері құрап отыр. Сондай-ақ 976 рет ұрлық жасалған.
None
None
Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, осы мерзімде тәртіп сақшылары 1 мың 850 қылмыстың бетін ашып, іздеуде жүрген 94 қылмыскерді тауып, 9 атыс қаруын тәркілеген. «Ал республика жолдарында 170 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 30 адам мерт болды. 204 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», - деді департамент бастығының орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, ақпанның 11-і күні әкімшілік полиция қызметкерлері отбасындағы жанжалдар мен заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған жедел-сауықтыру шарасын аяқтаған. Ал ақпанның 14-і күні пәтер тонау қылмыстарының алдын алуға бағытталған «Пәтер» атты сауықтыру жұмыстары жүргізілген. «Біз соңғы аптада ұйымдасқан қылмысқа қарсы 12 іс қозғап, қылмыстық әлемнің 1 серкесі мен ұйымдасқан топтың 3 мүшесін қолға түсірдік. Аталған қылмыскерлердің бірі, 45 жасар әйел елордада 6 адамнан тұратын қылмыстық топ құрып, «Базис-УПТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қаржы жымқырмақ болған. Олар келтірген шығынның көлемі 85 миллион 600 мың теңгені құрап отыр», - деді Е.Уали.
Соңғы жаңалықтар