Соңғы бес айда Астана халқының саны 15 089 адамға өсті
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Астана тұрғындарының саны 758 мыңнан асып жығылды.
Бұл туралы Денсаулықты дамыту республикалық орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ұсынылған статистикалық мәліметтерге сәйкес, елордалықтардың саны соңғы бес айда 15089 адамға өсті. Бұл ретте елдің Бас қаласында тұратындардың 51,62 пайызы - әйелдер, қалған 48,38 пайызы - ерлер. Астанада 18 жастан жоғары халықтың саны басым - 74,55 пайыз, 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі тұрғындардың барлық санының 22,02 пайызын құрайды.
Астаналықтардың тең жартысы дерлік Алматы ауданында тұрады - 48,13 пайызы, Сарыарқа ауданында - 39,04 пайызы тұрса, елорданың жас ауданы - Есілде халықтың 12,83 пайызы тіркелген.
Ұсынылған ақпараттар Астана қалалық Статистика департаментінің 2012 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ресми мәліметтеріне негізделген.