13:18, 28 Мамыр 2010 | GMT +5
Соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың көлемі 3,8 есеге өсті
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың көлемі 3,8 есеге өсті. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Сауармалы егін шаруашылығы мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру және Қазақстанда суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың жолдары» атты тақырыпта өткен жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, 1999 жылдан бастап ел экономикасының аграрлық секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Бұл ретте соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы өсу қарқыны орташа есеппен 4 пайызды құрап отыр. Ал былтырғы жылғы әлемдік қаржы дағдарысының кері әсеріне қарамастан, ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлемі 13,8 пайызға артқан.
«Соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың көлемі 3,8 есеге өсті және биылғы жылы министрліктің бюджеті 296 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл жерде Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруы және заңнаманы жетілдіру туралы ұсынысына үнемі қолдау жасаған Парламент депутаттарының еңбегі де зор», деді М. Оразаев.