17:26, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Соңғы бес жылда еліміздегі мүгедектердің түрлі ауруларға шалдығу жағдайы тұрақты - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Соңғы бес жылда еліміздегі мүгедектердің түрлі ауруларға шалдығу жағдайы тұрақты», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова.
Бұл туралы ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Тамара Дүйсенованың мәліметтеріне қарағанда, мүгедектердің 420 мыңы ересек азаматтар болса, олардың 23,8 пайызы қан айналымы дерттеріне шалдыққан. 17 пайызы онкологиялық аурулар болса, 15,3 пайызы өндіріс барысында және тұрмыстық өмірде жарақат алғандар. «Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты жағдай біршама мүшкілдеу. Олардың 32,6 пайызының туа біткен дерттері бар. Балалардың арасында жүйке ауруына шалдыққандар 25 пайызды құраса, психикалық жағынан кемтарлар - 11,8 пайыз. Бұлардың барлығы да емделуі қиын аурулар», - дейді жауапты хатшы. Оның сөзіне қарағанда, мұндай сырқаттарды бірнеше топқа бөлуге болады. Айталық, елдегі барлық мүгедек жандардың I-ші топтағылары 10,1 пайызды құраса, II топтағылар - 53,9 пайыз, ал III топтағылар - 36 пайыз. «Яғни, мүегедектердің 64 пайызы - I-ші және II-ші топтағылар. Бұлар - жұмыс істей алмайтын және өзгелердің көмегіне аса зәру кемтар жандар», - дейді Т.Дүйсенова.