Соңғы бір жарым жылда ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындары 33 ғылыми зерттеу жұмысын жүргізді
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер вице-министрі Амантай Әубәкіровтің төрағалығымен өткен Ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысында мәлім болды.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, кеңеске министрлік комитеттерінің төрағалары мен департаментерінің бастықтары, сондай-ақ ІІМ жоғары оқу орындарының басшылығы қатысты.
Отырыста 2010 жылдың ішінде және ағымдағы жылдың 1-тоқсанына дейін ІІМ жоғары оқу орындарында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы шығарылып, 2011-2012 жылдарға арналған ғылыми зерттеулер жоспарының жобасы талқыланды. Аталмыш кезеңде ІІМ жоғары оқу орындары 33 ғылыми зерттеу жұмысын жүргізді, олардың нәтижелері ішкі істер органдарының практикалық қызметіне енгізілді.
Ғылыми зерттеулер жоспарына қылмысқа қарсы күрестің және қоғамдық тәртіпті қорғаудың өзекті мәселелерін қарастыратын 20-дан астам зерттеу енгізілді. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа, заңсыз көші-қонға және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, тергеу және анықтау бөліністерінің қызметтерін және тағы басқаны жетілдіру бар.