Соңғы екі жылда авторлық құқықтар жөніндегі қоғамдарға келіп түскен қаржының 58 пайызы ғана құқық иеленушілерге төленді - Бас прокуратура

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Соңғы екі жылда авторлық құқықтарды қорғау жөніндегі қоғамдарға келіп түскен қаржының 58 пайызы ғана құқық иеленушілерге төленді.

Соңғы екі жылда авторлық құқықтар жөніндегі қоғамдарға келіп түскен қаржының 58 пайызы ғана құқық иеленушілерге төленді - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, заңнамаларда авторлық қоғамдардың пайдасына ұстап қалатын қаражаттың белгіленген пайыздық көлемін көрсететін нормалар жоқ. Өз кезегінде бұл аталған қоғамдарға келіп түскен қаржыны өз қалаулары бойынша жұмсауға мүмкіндік беріп отыр.

«Тексеру барысында соңғы екі жылда авторлық қоғамдарға келіп түскен 896,5 млн. теңгеден авторларға небәрі 521,5 млн. теңгесі ғана төленді (58 пайызы). Ал қалған 375 млн. теңгені (42 пайызы) аталған қоғамдар өз қажеттілігіне жұмсаған»,-деді ресми өкіл.

«Құқық иеленушілер мен авторлық қоғамдар арасында жасалған шарттарға сәйкес, авторлық қоғамдар көрсеткен қызметтері үшін келіп түскен сыйақылардың 15-25 пайызын алатыны, ал қалған қаржыны құқық иеленушілерге төлейтіндері анықталды»,- деп атап өтті ол.

Тексеру шаралары көрсеткендей, қазіргі қолданыстағы тетіктер іс жүзінде авторларға олардың зияткерлік еңбек объектілерін пайдаланғаны үшін тиісті сыйақы алуына кепілдік бермей отыр. Атап айтқанда, бүгінде елімізде авторлардың мүддесін білдіру мақсатында 7 авторлық қоғамдық ұйымдар жұмыс жасауда.

Айта кетейік, жақында ҚР Бас прокуратурасы зияткерлік меншік саласындағы тексеру барысында 3,5 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады.