Соңғы екі жылда Қазақстан әскерінде суицид тіркелген жоқ - А.Өсербаев

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметiнде ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментi бастығының орынбасары - жасақтау басқармасының бастығы Амантай Өсербаев мәлім етті.
«Әскердегi суицид фактілеріне тоқталар болсақ, соңғы екi жылда Қарулы Күштер саласында жедел қызметтегi әскери қызметшiлер арасында суицид тіркелмегенін айтқым келеді. Мұны ресми түрде растай аламыз. Бұған сарбаздардың бiрнеше кезең бойы психологиялық тексеруден өтетіні жақсы әсер етті деуге болады. Былтыр күзден бастап әскерге шақырылған азаматтар «Ақ сұңқар» бағдарламасы бойынша компьютер арқылы тест тапсырады», - деп түсіндірді А.Өсербаев.
Полковник сондай-ақ казармаларда әлі де болса әлімжеттік бар деген пікірді жоққа шығарғысы келді. «Бұл мәселе Қарулы Күштердің құрылымдары үшін аса өзекті мәселе емес. Себебі, сенімді түрде казармаларда әлімжеттік жоқ деп айта аламын. Әрине, әскер болған соң, жігіттердің әңгімесі айтылатыны рас қой. Оның үстіне, қазір әскери бөлімдердің барлығы бейнебақылау камераларымен жасақталған, оның үстіне, рота командирлері әр солдаты үшін басымен жауап береді. Сондықтан, Қарулы Күштерде әлімжеттік орнап тұр деп айтуға болмайды»,-деді сөзін түйіндеген ол.