Соңғы екі жылда сәбилерге Айзере мен Аяла есімі сирек қойыла бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірінші кредит бюросы соңғы екі жылда қыз балаларға қойылған танымал есімдер қалай өзгергеніне талдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маусым айында қыз балаға жиі қойылған 10 есім:
- Медина – 551
- Айлин – 482
- Айша – 452
- Асылым – 440
- Томирис – 305
- Сафия – 284
- Раяна – 283
- Айым – 266
- Әмина - 257
- Аяла - 246.
Ұлдарға қарағанда қыз балалар есімінде 2021 жылдан бері көп өзгеріс бола қойған жоқ. Бұл жағдайда қазақстандықтардың қалауы соншалықты құбылмалы еместігін мойындаған жөн.
2021 жылдың маусымындағыдай, Медина мен Айлин есімдері рейтингтің көш басында тұр. Ең төменгі орындарда - Айым мен Әмина.
Дегенмен, аздаған өзгерістер бары рас. Айша есімінің танымалдығы күрт өсті - қазір ол үздік үштікті түйіндеп тұр (екі жыл бұрын 4-орында еді). Томирис есімі 10-шы орыннан бірден 5-ші орынға көтерілді.
Сонымен қатар, Раяна мен Аяла қыздарға сирек қойыла бастады. Айзере тізімнен мүлде жоғалып кетті. Оның орнына Сафия келді.
Жыл басынан бері 189,5 мың бала дүниеге келді (98 мың ұл, 91,5 мың қыз).
Бір жыл ішінде жаңа туған нәрестелер саны 4,3% (8,6 мың адам) төмендеген, екі жылда бұл көрсеткіш 12,3% (26,7 мың адам) болды.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін маусым айында ұл балаларға жиі қойылған есімдерге шолу ұсынған едік.