Соңғы кездері елімізде бойжеткендерді соққыға жығу жиілеп барады - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында қатерлі ісікке ем тапқан «Фитоxимия» институтының жаңа жетістіктеріне қатысты мақала жарияланып отыр.
«Адамзат баласына аждаһадай төнген қатерлі ісік дертінің бетін қайтаратын дәрі Арқада табылды дегенде бөрікті аспанға атып қуанғанымыз күні кеше ғана еді. «Арглабин» атты бұл дәрінің атасы жусан болғанда, анасы - Қарағандыдағы «Фитохимия» институты. Ал енді осы «Фитохимияның» кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынғанын қазір біреу білсе, біреу білмейді де. Міне, содан бері де жиырма жылыңыз жылжып өте шығыпты...», деп еске алады басылым.
Газеттің жазуынша, адам баласын аты жаман аурудан арашалап алуға тиісті бұл бірегей препарат жақын және алыс шетелдің ірі онкологиялық орталықтарында және еліміздің барлық онкологиялық клиникаларында қолданылады. Бүгінгі күнге дейін осы дәрімен үш мыңнан астам адам емделіп, оның клиникадағы оң нәтиже көрсеткіші 76%-ды құраған.
2012-2014 жылдары Қарағанды фармацевтикалық зауыты 230 миллион теңгеден астам соманы құрайтын «Лиофилденген арглабиннің» 520 мыңнан астам ампуласын өндірді. Қазақстанда «Арглабин» препаратының Қарағанды, Алматы, Павлодар, Астана, Петропавл, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау қалаларының онкологиялық емханаларында табысты қолданылып жүргені де бүгінгі күннің жағымды жаңалығы.
«Сонымен қатар, «Арглабин» препаратының қатерлі ісікке қарсы құрал ретінде Ресейде, Қырғызстанда, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь елдерінде тіркелгенін де зор жетістік ретінде бағалауға болады. Ал бұл дәріні алу әдісінің патентін Ресейдің Халықаралық өнеркәсіптік меншік институты 25 миллион 336 мың АҚШ долларына бағалағаны да көп нәрсені аңғартса керек», - делінген « Дәуір дәрісі » деген тақырыппен жарияланған мақалада.
Алматының индустрияландыру картасы толыға түсті, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы « Жоталы 10 жоба » атты келесі мақаласында.
«Өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы мынадай жағымды жаңалықты алға тартты: Алматы қаласының индустрияландыру картасына жалпы сомасы 15,5 млрд. теңге болатын, 1100-ден астам жұмыс орнын қамтитын жаңа 10 жоба қосылды. Осылайша 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасының екінші бесжылдық жоспарына енген жобалардың жалпы саны 39 нысанды құрады. Ал олардың құнының жалпы сомасы 95,6 млрд. теңге болды», - дейді газет.
Басылымның атап көрсетуінше, Алматы әкімдігі индустрияландыру картасына жаңа жобаларды қабылдау жөніндегі жұмысты жүйелі негізде жүргізіп келе жатыр. Осы орайда, картаға қатысушылар жан-жақты көмек алады. Соның ішінде жобаға жетекшілік ету, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, өнімді өткізу орайындағы қолдау және көптеген басқа жайттар бар.
«Мақұлданған жобалар бойынша оңтүстік астананың түрлі аудандарында қарқын өсімінің жаңа индустриялық нүктелері құрылады. Мысалы, аталған 10 жобаның алтауы Түрксіб ауданында іске асырылады, 2 нысан Бостандық ауданында, бір-бір нысаннан Медеу және Жетісу аудандарында пайдалануға берілмек», - делінеді материалда.
***
«Айқын» басылымы болашақта ұлттық спорт түрлерінен Әлем чемпионаты ұйымдастырылатынын xабарлауда.
Бұл туралы «Алтын Тұғыр» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы мәлім еткен.
- Еліміздегі ынтымақ пен бірлікті, келісім мен бейбітшілікті ту еткен Елбасының саясатының арқасында ұлттық спорт түрлері дамудың даңғыл жолына түсті. Ұлы дала елінен ұлы баба ойындары халықаралық аренаға шықты. Бұрындары Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Астана, Алматы облыстарында ұлттық ойындар тұрақты түрде ұйымдастырылса, бүгінде осы жетістікті өңірлер қатарына Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары қосылды. Осы істің алға басуына «Нұр Отан» партиясының қолдауы ерекше болды! Ұлттық спорт түрлері бойынша байрақты бәсекелердің барлығында бас партияның ұжымы аянбай еңбек етті, - деп атап өтті Қайрат Сатыбалдыұлы.
Ұлттық спортты ұлықтаған абзал азаматтар осы беттерінен таймай, биік белестерді бағындыру үшін өз алдарына үлкен міндеттер белгілеп отыр. Атап айтқанда, қазақтың талай жырларына арқау болған жамбы ату бәсекесін дамыту жоспарлары бар. 2016 жылы «Алтын жебе» халықаралық турнирі салтанат құрмақ. «Осы дүбірлі додаға қазірден дайындықты бастауымыз керек», - деді Қауымдастықтың құрметті президенті.
-Еліміздің алдында үлкен мұрат тұр. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін абыроймен атқару баршамыздың борышымыз. Осы жаһандық шараға келетін шетелдіктер біздің ұлттық ерекшелігімізге, дәстүрімізге, ұлттық спортымызға айрықша назар аударып, қызығушылық білдіреді. Әлем бізді саясат, экономика арқылы ғана емес, ұлттық спортымызбен де тануға тиіс. Осы орайда Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ЭКСПО-ға әзірлікті қазірден бастап кетті. Мемлекетіміздің бай мұрасын көрсету мақсатында ұлттық спорт түрлерінен Әлем чемпионатын ұйымдастыру жоспары бар! - деп мәлім етті Қ.Сатыбалдыұлы.
Толығырақ, « Алтын тұғыр » иелері анықталды » атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Қызын қадірлеп, төріне шығаратын қазақ жігітінің бүгінгі келбеті мүлдем өзгерді, деп жазады « Түркістан » газеті.
«Қазір «жігіттер қыздарға күш көрсетті», «жігіттер қыздарды соққыға жықты» деген сөздер ешкімді де таң қалдырмайтын болды.
Бүгінде ғаламтор желілерінде қыздардың соққыға жығылып, ер азаматтардан таяқ жеп жатқандығын бейнелейтін қатыгез бейнежазбалар көбейіп кетті. Нәзік жандыларды аялауға тиісті ер азаматтардың қатыгез әрекеттері әрбір адамның заңды ашуын тудырары да белгілі. Бірақ мұндай оқиғалар күн өткен сайын өршіп барады», - деп қынжылыс танытады газет.
2015 жылдың 20 шілдесінде Қарағандыда көлік үшін қызды аяусыз ұрып өлтірген күдікті азамат қолға түсті. 24 жастағы жігіт өзі армандап жүрген БМВ көлігін сатпақшы болған қызға ақшасын бөліп төлеуге ұсыныс білдіреді. Алайда көлігін саудалаған қыз мұнымен келіспей қойған. Ал ашуға булыққан жігіт қызды қала сыртына шығарады. Басынан бірнеше рет соққы жұмсап, мәйітті жақын маңдағы қоқыс төгетін жерге тастап кеткен. Қолға түскен күдікті азамат бар кінәсін мойындап, қылмысты өз мойнына алды. Жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
«Нәзік жандылардың соққыға жығылып, теперіш көруі отбасында да жиі кездеседі. Статистикалық деректер жыл сайын 500-ге жуық әйелдің тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұматынын дәлелдеп отыр. Тіпті, әрбір үшінші отбасындағы әйел зорлық-зомбылық көреді екен. Алайда мұндай жағдайға тап болған нәзік жандылардың басым көпшілігі көрген құқайын ішінде сақтап қалады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың даналығы бар. Ал мұндай отбасында тәрбиеленген ұл бала ертеңгі күні әкесінен көргенін жасамасына кім кепіл?! Сөйтіп, дәл осы жағдай қоғамның кеселіне айналып шыға келеді», - делінген « Соңғы кездері елімізде бойжеткендерді соққыға жығу жиілеп барады » атты мақалада.
Павлодар колониясында жазаларын өтеп жатқан камерундық жалған ақша жасаушылар домбырада күй тартуды меңгеріп алған, деп жазады ресми тілде шығатын « Экспресс К » басылымы.
«Нгугу Порфе мен Нангу Кристианның репертуарында оншақты қазақстандық xиттар бар. Түрмеде өткен көркем шығармашылық кешінде олардың камералас көрермендері Порфе мен Кристианның өнерін үлкен қошаметпен қарсы алды. Әсіресе домбыраның сүйемелдеуімен шырқалған «Еркем-ай» әні тыңдаушыларды ерекше зор шаттыққа бөледі», - делінген « 50 оттенков лысого » атты мақалада.
Нгугу Порфе мен Нангу Кристиан түрмеге былтыр түскен. Пәтер алаяқтығы мен банкнотты қолдан жасағандары үшін олар алты жыл бас бостандығынан айырылды. Порфе жеті тілді жетік білетінін айта кету керек. Оның ішінде ағылшын, француз, испан және португал сынды xалықаралық тілдер бар. Енді ол қазақ тілін меңгеріп жүр және педагог болуды армандайды.
«Отанымда менде әйелім мен төрт балам қалды», - дейді 36 жастағы Нангу Кристиан. - Кіші ұлымды тіпті көрген де емеспін - мені ол тумас бұрын тұтқындады».