Соңғы күндері баспана саудасы артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 3 күнде баспана саудасы артты. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның Құрылыс салушылар қауымдастығының атқарушы директоры Аслан Түкиев мәлім етті.

Соңғы күндері баспана саудасы артты

Соңғы күндердегі оқиғалар еліміз бойынша баспана саудасына түзетулер енгізгеніне тоқталған ол, «теңге бағамының өзгеруіне қарамастан өткен 3-4 күнде баспана саудасы артты. Бұл жайында мен нақты айта аламын. Адамдар қолдарында бар қаржыны тиімді жұмсауға әрекет жасауда»,-деді.

А. Түкиевтің пайымынша, бұған кейбір құрылыс салушылар валюта бағамын 180 теңге, ал кейбіреулері 198 теңге деңгейінде ұстап тұруы себеп болуда.

«Сондықтан да қазіргі кезде баспана алуға ниеттеніп жүрген адамдарға сатып алу мүмкіндігі бар және тұрғындар бүгінде дәл солай істеп те жатыр. Әрине, бағамның ағымдағы деңгейін, яғни банктердегі секілді бір долларға 252 теңгеден ұстап тұрған құрылысшылар да бар. Бұларда сатылым айтарлықтай төмен»,-деді ол.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, ұзақ мерзімді болашақта бағаның өсуіне немесе құлдырауына болжау жасау мүмкін емес.

«Бұны Үкіметтің қандай ұстанымда болатындығы айқындайды. Яғни, осыған тұрғын үй нарығын дамыту үшін, сондай-ақ нарықты несиелендіру мүмкіндігін арттыру үшін ынталандырушы, қолдау көрсетуге негізделген бағдарламалардың болуы ықпал етеді»,-деді А. Түкиев.