Соңғы оқиғалар бізде лаңкестікке қарсы жүйе жетілмеген дегенді білдірмейді - Ерлан Қарин
Саясаттанушы Ерлан Қарин бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстанның лаңкестікке қарсы жүйесі. Мәселелер диагностикасы және қоғамдағы рөлі» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында осылай мәлім етті.
«Қазақстан ТМД елдерінің ішінен ең алғашқылардың бірі болып 1999 жыл «Лаңкестіке қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады. Одан кейін 2 рет өзгерістер енгізді, яғни лаңкестікпен күресті үнемі жетілдіріп, тиісті шаралар қабылдады. 2003 жыл Президенттің жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Дағдарысқа қарсы орталығы құрылды. Ол лаңкестікке қарсы күрес бағытындағы 9 орган мен мекемелердің жұмысын үйлестіруге бағытталған болатын», - дейді саяси ғылымдардың кандидаты Е. Қарин. Оның айтуынша, кейін бұл Орталықтың жанынан жедел жұмыс ұйымдастыру мақсатында штаб құрылды. Сондай-ақ лаңкестік шабуылдардан қорғану жұмыстарын ұйымдастыру үшін инфрақұрылымдық, көліктік және тағы басқа да бағыттардағы 300-ге жуық стратегиялық нысандардың тізімі жасалған.