Соңғы он күнде республикада 13 қарақшылық шабуыл жасалды - ҚР ІІМ
АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Соңғы он күнде республикада 13 қарақшылық шабуыл жасалды, оның 5-еуі ашылған жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.
Аталған қарақшылық шабуыл фактілердің барлығы, Қ. Тыныбековтың атап өткеніндей, мамыр айының алғашқы он күнінде жасалған.
Мысалы, 6 мамыр күні Тараз қаласында ірі қарақшылық шабуыл жасалды. «Mercedes Benz» автомашинасын мінген екі белгісіз адам «Интер-Фрут» ЖШС-ның жүргізуші-экспедиторын жарақат салатын тапаншамен атып, 240 мың теңге ақшасын алып, іздерін суытқан.
Ал Павлодар облысы Қашыр ауданының Песчаное ауылында, 1 мамыр күні бетперде киген екі белгісіз адам терезе арқылы ауыл тұрғынының үйіне кіріп, иесін пышақтап, 50 мың теңге ақшасын ұрлап кеткен.