Соңғы он жылда балалардың дұрыс тамақтанбауынан әртүрлі ауруларға шалдығу көрсеткіші өскен
АЛМАТЫ. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Жаңа мектеп» атты оқу орнында қараша айының 16-25 аралықтарында өтіп жатқан дененің артық салмағының алдын алу онкүндігіне арналған «Фастфудтар «иә» және «жоқ»» атты пікірталас өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өткен пікірталасқа 9-11 сынып оқушылары, гастроэнтеролог-дәрігерлер, Қазақ тағамтану академиясының өкілдері және Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қатысты.
Шара барысында Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мектеп оқушыларына тез дайындалатын тағам түрін күнделікті қолданып, әдеттегі тағамға айналдыруға болмайтынын, гамбургер, хот-дог, чипсы, газдалған сусындарға әуес болмау керектігін ескертті. «Фастфуд» тағамдарын дайындауда тағамның сапасына мән бермейді, сондықтан дұрыс тамақтану жөнін білулерің керек», деді олар.
Қазақ тағамтану академиясының мәліметтері бойынша, соңғы он жылда балалардың әр түрлі ауруларға шалдығу көрсеткіші едәуір өскен, оның ішінде дұрыс тамақтанбауға байланысты факторлары көбейген. Қазақстанда 6 жастан 14 жасқа дейінгі балалар арасында темір жетіспеушілік анемиясына 44,9 пайызы шалдыққан. Ал ас қорыту және зат алмасу аурулары бірінші орында тұр.