«Соңғы сәтті сезіну» романы үшін британдық Джулиан Барнс Букер жүлдесіне ие болды

АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат - Танымал 2011 жылғы Букер жүлдесі «Соңғы сәтті сезіну» («The Sense of an Ending») романы үшін британдық жазушы Джулиан Барнсқа бұйырды.

«Соңғы сәтті сезіну» романы үшін британдық Джулиан Барнс Букер жүлдесіне ие болды

ИТАР-ТАСС-тың хабарлауынша, әдебиеттегі постмодернизм өкілі Барнс бұған дейін де бірнеше романдарымен, атап айтқанда: 1984 жылы «Флобер тотықұсы» ("Flaubert's Parrot"), 1998 жылы «Англия, Англия» және 2005 жылы «Артур и Джордж» романдарымен жеңіске жетуге сәл-ақ қалып, жүлденің «шорт-парақшасына» іліккен болатын.

«Соңғы сәтті сезіну» романын оның 150 беттік көлемі үшін сыншылар «новелла» деп те атайды. Кітап бір қарағанда қарапайым боп көрінетін Тони есімді кейіпкердің өмірі жайлы. Романда ол еске түсірген жайттары өзі ойлағандай шынайы емес екендігіне көз жеткізеді.

Жазушының жеңісіне көптеген танымал букмекерлік кеңселер бәс тіккен болатын. Алайда, қазылар алқасының мүшесі әрі МИ-5 британдық барлау қызметінің бұрынғы басшысы Стелла Римингтонның сөзіне қарағанда, мұндай шешім қабылдау қазылар алқасына оңай тиген жоқ, тіпті, соңғы сәтте Барнс туралы пікір қақ айырылып кеткен кездер де болған.

Жүлденің мөлшері - 50 мың фунт стерлинг (80 мың доллар). «Шорт парақшаға» іліккендер де құр алақан қалған жоқ, олардың әрқайсысына 2,5 мың фунт көлемінде сыйақы табысталды.