Соңғы үш жылда елімізде әуе көліктері 4 рет апатқа ұшырап, 42 жайсыз жағдайға тап болды - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Ұшақтардың ұшу қауіпсіздігіне байланысты прокуратура органдары жүргізген арнайы тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, еліміздің көптеген әуе компанияларының қызметінде заңбұзушылықтар орын алған. «Мысалы «Жезқазған Эйр» әуе компаниясы ЯК-40 әуе көлігіне жолаушыларды екі есе көп отырғызған. Яғни олар пайда табу үшін жүздеген жолаушылардың өмірлерін қатерге тіккен. Оның үстіне, жолаушыларды тасымалдау жұмыстарына қолдану мерзімі біткен көліктер де пайдаланылған. Бұл аз болса, ондағы кейбір мамандардың біліктіліктері талапқа сай болмай шықты. Тіпті арнайы дайындықтан өтпеген адамдар да ұшақты басқаруға жіберілген. Ең сорақысы, «Эйр Траст» әуе компаниясы ұшақты толық экипажсыз пайдаланған», деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, әуе техникаларын реттейтін кейбір компаниялардың қызметінде кедендік заңнамаларды бұзу мен мемлекет мүддесіне қарсы әрекеттер анықталды. «Жалпы алғанда прокуратураның тексерулері нәтижесінде 30 ұсыныс жасалып, 65 әуе көлігінің қызметін тоқтату жөнінде 1 ұйғарым енгізілді. 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Сонымен қатар Бас прокуратура Көлік және коммуникация министрлігіне орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс енгізді», деді Н.Сүйіндіков.