Соңғы үш жылда ғана құрама жем өндіру көрсеткішінде оң динамика байқалуда - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1991 жылдан бері елімізде құрама жем өндіру көлемі 5,8 есеге төмендеп кеткен. Бүгін Мәжілісте құрама жем өнеркәсібісін жаңғырту тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров осылай мәлімдеді.

Соңғы үш жылда ғана құрама жем өндіру көрсеткішінде оң динамика байқалуда - АШМ

Вице-министрдің айтуынша, құрама жем құнын ішінара даталауды тоқтату, құс және мал басы санының қысқаруы, олардың үлесінің жеке қосалқы шаруашылықтарда ұлғаю құрама жемге сұраныстың азаюына әкеп соқтырған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрама жемді нарықтық бағаға алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, оны пайдалану көлемі де күрт төмендеп кеткен. «Осы себептерге байланысты тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде құрама жем өндіру көлемі күрт құлдырады. Мәселен, егер 1991 жылға дейін Қазақстан бойынша құрама жемді өндірудің орташа көлемі 4 млн. тоннаны құраған болатын. Ал Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2014 жылы олардың өндірісі 5,8 есеге қысқарып, 685,2 мың тонна болып отыр. Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша құрама жемнің барлық түрін өндіру 900 мың тоннаны құраған», - дейді С. Омаров.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда ғана құрама жем өндіру көрсеткішінде оң динамика байқалуда. «Мұндай өсім негізінен жемге деген сұранысқа, соның ішінде бірінші кезекте ауылшаруашылығы құрылымында құс және мал басы санының өсуіне қатысты болып табылады», - деді Сапархан Омаров.