Соңғы үш жылда нотариустарға қатысты 63 қылмыстық іс қозғалды
ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы үш жылда нотариустарға қатысты 63 қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Нотариат туралы» ҚР заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттардың сауалына жауап берген Әділет министрі Рашид Түсіпбеков осылай мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасын Сенат бірқатар өзгерістер енгізіп Мәжіліске қайтарды.
Әділет министрі Рашид Түсіпбековтың айтуынша, бүгінгі күні нотариустық қызметті жетілдіруге қатысты әкімшілік кедергілерді алып тастау шаралары жүзеге асып жатыр. Дегенмен, министр нотариалдық қызметтер азаматтардың құқы мен мүддесіне тікелей араласатынына ерекше тоқталып, бұл бағытта арнайы тексерулердің болуы керектігін де еске салды. «Әрине, алдағы уақытта да бұндай тексерістерді азайтуға қадам жасайтын боламыз. Алайда өкінішке қарай, тәжірибеге сүйенсек, нотариустар тарапынан заң бұзушылықтар да болып тұрады. Мәселен, соңғы үш жылда осы салаға қатысты 63 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушылықтары үшін лицензиялары қайтып алынған немесе тоқтатылғандардың саны 190-ға жетеді. Сондықтан да, нотариустардың қызметі біздің азаматтарымыздың құқы мен мүддесіне тікелей қатысты екенін естен шығармау керек», - дейді Р. Түсіпбеков.