Соңғы жылдары басына қатер төнген құқық қорғаушылар саны артып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары басына қатер төнген құқық қорғаушылар саны артып отыр. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық тетіктерін енгізу мәселелеріне арналған жиында «Адам құқығы» бағдарламасының үйлестірушісі Айжан Ошақбаева мәлім етті.

Соңғы жылдары басына қатер төнген құқық қорғаушылар саны артып отыр

«Адам құқықтарын қорғауда да, оны ілгерілетуде де негізгі салмақ құқық қорғаушыларға түседі. Сонымен қатар, олардың қызметімен байланысты қауіптер, тәуекелдер жиі туындайтыны белгілі. Қазақстандағы құқық қорғаушылардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайды бақылау барысында, соңғы жылдары әртүрлі қатерлерге ұшыраған белсенділердің саны жыл сайын өсіп отырғаны белгілі болды», - дейді А. Ошақбаева.

Оның айтуынша, бұндағы жағдай алаңдатарлық. Сонымен қоса, бағдарлама үйлестірушісі құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіріп, оны халықаралық деңгейге дейін көтеру қажеттігін атап өтті. 

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан конференция  ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен «Қадiр қасиет» қоғамдық бірлестігі бірлесе отырып, Нидерланды Корольдігінің, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының, сондай-ақ Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен өткізілуде.