Соңғы жылдары елімізде балалар үйіндегі жетімдер санының төмендеуі байқалып отыр

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының азаюының оң үрдісі байқалуда.

Соңғы жылдары елімізде балалар үйіндегі жетімдер санының төмендеуі байқалып отыр

«Егер 2009 жылы аталған балалардың саны 42 494 бала болса, 2011 жылы олардың саны 5 717 балаға азайды. Ал бүгінгі күні республикада 36 777 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар», - делінген ведомство деректерінде.

Аталмыш жақсы үрдіс балалар үйлерінде де байқалуда. 3 жылдың ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы тәрбиеленушілердің саны 2 191 балаға азайды.

Бұл оң істердің ұйытқысы - балалардың құқығын қорғау комитетінің және оның аймақтардағы департамент жұмыстарының нәтижесі. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен әрдайым кездесулер ұйымдастыру, оларды қонаққа шақыру, қамқоршыларға көмек қолын созу, патронат-отбасыларына көмектесу жақсы әлеуметтік нәтиже берді.

«Сондай-ақ, ұлттық заңнамаға сәйкес бала асырап алу мәселесінде басымдықтың қазақстандық азаматтарға берілуі де үлкен маңызға ие. 2011 жылы Қазақстанның азаматтары 3 219 бала асырап алды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 119 балаға көп. Сонымен қатар, болашақ асырап алушы азаматтар ретінде біздің 1380 азаматымыз тіркелді, бұл өткен жылға қарағанда 332 адамға артық.   Бақытты балалар көбеюде. Бұл - көңілге қуаныш ұялатады», - делінген министрлік мәліметтерінде.