Соңғы жылдары еліміздегі мұнай құбырларынан өнім ұрлау фактілері өсіп отыр
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы жылдары еліміздегі мұнай құбырларынан өнім ұрлау фактілері өсіп отыр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Валерий Котович осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шет елдік мемлекеттердің тәжірибесіне қарағанда, мұнай өнімдерінің айналымына мемлекеттік бақылау күшейіп, қатаң шаралар дер кезінде қолға алынбаса, заңсыз қаржы табудың көзі болып саналатын бұндай қылмыстың саны да арта береді. Сонымен бірге, елімізде мұнай құбырларына санкцияланбаған ойықтар орнату арқылы жасалатын мұнай ұрлау қылмысының саны да жыл өткен сайын өсіп отыр. Мәселен, 2001-2004 жылдары аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның магистральды мұнай құбырларында мұнай ұрлығына қатысты бірде бір факті тіркелмесе, 2005 жылы бұндай 43 қылмыс жасалған. Ал 2006 жылы 44 мұнай ұрлығы, 2007 жылы - 74, 2008 жылы - 132, ал 2009 жылы - 148 ұрлық жасалған», деді В. Котович.
Депутаттың айтуынша, магистральды мұнай құбырларына күзетті күшейтуге қатысты қабылданған шараларға қарамастан бұл саладағы проблемалық мәселелер күннен күнге нашарлап барады.
«Ұрланған мұнай сатылады, мұнай терминалдарына өткізіледі, шағын зауыттарда өңделіп, сатуға қайта шығарылып отырады. Сондықтан да, заң жобасы бойынша мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалына, бұндай өнімді заңсыз иеленуге, сақтауға, сондай-ақ өңдеуге қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленеді», В. Котович.