Соңғы жылдары республикада бала асырап алудың нақты көрсеткіші төмендеп отыр

None
None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы жылдары республикада бала асырап алудың нақты көрсеткіші төмен болып отыр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі жобасын талқылау барысында Әділет вице министрі Дулат Құсдәулетов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Вице-министрдің айтуынша, аталған Кодекс жобасы бірқатар маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталады. «Біздің ойымызша, отбасы, неке, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту мәселелері бойынша қоғамдағы көзқарастардың өзгеруіне байланысты заңнамаға да өзгерістер жасалуы тиіс. Мәселен, батыс елдеріне еліктеулердің салдарынан соңғы жылдары азаматтық некенің негізінде отбасын құру, некесіз туған бала санының көбеюі, тіпті біржыныстық некені насихаттау секілді сорақылықтар теледидар мен басылымдар арқылы айтылып та жүр. Бұл тіпті біздің қазақы қоғамға да біртіндеп ендеп келеді. Мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында аталған кодекс жобасында тиісті ережелер белгіленген. Жоба қоғамдағы маңызды неке және отбасылық қатынастарды реттеумен қатар, әлеуметтік саясаттың басымды бағыттарын қамтамасыз етеді», - деді Д. Құсдәулетов. Оның айтуынша, заң жобасында бірқатар жаңа түсініктер қамтылған. Мәселен, «әлеуметтік жетімдік», «жетім бала», «бас тартылған бала» секілді басқа да ұғымдардың нақты анықтамалары ұсынылуда. «Әрине, бала құқығын қорғауға қатысты Қазақстан халықаралық шарттар мен конвенцияларға қосылып, оларды әлем қауымдастығының талабына сай шешуге тырысады. Бұл арада назар аударатын мәселелер де баршылық. Атап айтқанда, жылдан жылға ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандардың ішінде арнайы балалар мекемелерінде тәрбиеленетін жасөспірімдер саны да өсіп отыр. Бұл жұмыста белгілі бағыт-бағдар, жүйе болмағандықтан соңғы жылдары республикада бала асырап алудың нақты саны төмендеп отыр. Сондықтан да, қоғамды дүрліктіретін сөздің көбеюі ескеріліп, құжатты бала асырау мәселесіне байланысты біршама өзекті ұсыныстар орын тапты. Мәселен, бұл бағыттағы жұмысты үйлестіріп, қадағалап, жақсарту үшін уәкілетті бір ғана орган белгіленіп отыр», - деді Д. Құсдәулетов.
Соңғы жаңалықтар