Соня Жиенбаева Қытайдағы турнирде чемпиондық атақ үшін таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Чжэнчжоу (Қытай) ITF W35 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Яшинамен бірге ширек финалда жарыстың үшінші ракеткалары болып тіркелген индонезиялық Приска Нугрохо – қытайлық Ван Цзяцимен тартысты кездесу өткізді.
Бірінші партия индонезиялық-қытайлық дуэттің еншісіне жазылды – 6:4. Дегенмен бұдан кейін ойын тізгінін қолына алған Соня мен Екатерина камбэк жасай білді – 7:5, 12:10.
С.Жиенбаева мен Е.Яшина бүгін сондай-ақ жартылай финалда қытайлық Юфей Рен - жапониялық Ринко Мацудаға қарсы келді. Бұл бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылып, Жиенбаева мен Яшинаның жеңісімен аяқталды – 6:2, 6:4.
Осылайша, қазақстандық-ресейлік жұп бір күнде екі матчты жеңіспен түйіндеді.
Ертең Соня Жиенбаева мен Екатерина Яшина доданың бірінші ракеткалары, қытайлықтар Юйцзя Хуан - Ушуан Чженмен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Григорий Ломакиннің Қытайдағы турнирдің финалына жолдама алғанын жазған едік.