Соня Жиенбаева Португалиядағы жарыстың жартылай финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева жұптық сында Элвас (Португалия) ITF W50 турнирінің жартылай финалына шықты.

Соня Жиенбаева
Фото: ҚР ҰОК

Кеше 20 жасқа толған қазақстандық теннисші литвалық Ивета Дапкутемен бірге ширек финалда жарыстың 3-ракеткалары, словакиялық Катерина Кузмова — нидерландылық Стефани Джудит Виссхермен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияда словакиялық-нидерландылық жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде Соня мен Ивета есе қайырды — 6:2. Содан кейін супер тай-брейкте сәтті ойнады — 10:6.

Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды.

Соня Жиенбаева — Ивета Дапкуте финалға шығу үшін үндістандықтар Вайшнави Адкар — Рутуя Бхосалемен таласады.

С.Жиенбаева жекелей сында алғашқы айналымда дәл осы В.Адкарға есе жіберген еді — 2:6, 6:4, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде Анна Данилинаның жұптық сында Юлия Путинцеваны ұтқанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина орталық кортта қарсыласын ойсырата ұтты. 

Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты.