Уимблдон турнирі: Анна Данилина жұптық сында Юлия Путинцеваны ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты.
Сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина алғашқы айналымда тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева — канадалық Лейла Фернандеске тап келді.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 2:0 есебімен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді — 6:2.
Есесіне екінші сетте қазақстандық-канадалық дуэт бет қаратпады — 6:1.
Шешуші, үшінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Анна мен Александра брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді — 6:3.
Екі сағат 1 минутқа созылған бәсекеде Данилина — Крунич 4 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Путинцева — Фернандес 4 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Анна Данилина — Александра Крунич үшінші айналымға шығу үшін румыниялық Сорана Кырстя — ресейлік Анна Калинская немесе украиналықтар Ангелина Калинина — Даяна Ястремская жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Нидерландтағы турнирдің келесі айналымына өткенін жазған едік.