Соня Жиенбаева жұптық сында Қытайдағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Чжэнчжоу (Қытай) ITF W35 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Яшинамен бірге бастапқы кездесуінде қытайлықтар Цзин-Цзин Лу — Цю Юй Енің мысын басты.
Бірінші партияда тай-брейкте жергілікті спортшылар үстемдік танытты — 7:6 (7:3). Дегенмен бұдан кейін қазақстандық-ресейлік дуэт ойын тізгінін қолына ала білді — 6:0, 10:5.
Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды.
Сейсенбі күні С. Жиенбаева жекелей сында да өнер көрсетті. Дүйсенбіде жаңартылған әлемдік рейтингіде 759-орынға көтерілген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 544-ракеткасы, қытайлық Ван Цзяиға қарсы келді. Мұнда қытайлық спортшының шеберлігі басым болды — 6:2, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің әлемдік рейтингіде бірден 143 сатыға жоғары көтерілгенін жазған едік.