Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстан арасында қандай құжаттарға қол қойылатынын айтты

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғыз Республикасының Президенті Сооранбай Жээнбеков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке сапары аясындағы жоспар жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстан арасында қандай құжаттарға қол қойылатынын айтты

«Бүгін сапар аясында (ҚР Президентінің Қырғызстанға сапары - ред. ескертуі) Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің 5-отырысын өткізіп жатырмыз. Біз қазір ғана Қасым-Жомарт Кемелұлымен шағын форматта келіссөз өткіздік. Біздің келіссөздеріміз әдеттегідей бауырластық және өзара түсіністік рухында өтті», - деді кеңес отырысын ашқан Сооронбай Жээнбеков.

Қырғыз Президенті Қазақстанның Мемлекет басшысымен екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар маңызды мәселесі талқыланып, екі елдің өзара іс-қимылындағы басты мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгендігін айтты. Оларды жүзеге асырудың нақты тетіктері анықталғанын атап өтті.

«Біздің келіссөздеріміз Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қатынасты дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеретіндігіне сенім білдіремін», - деді ол.

Сонымен қатар Қырғызстан Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынас мұнан ары да екі ел халқының игілігі үшін нығая түсетіндігіне сенім білдірді.

«Бүгін біз бірқатар екіжақты құжатқа, Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің қорытынды шешіміне, бірлескен декларацияға, 2020-2022 жылдарға арналған елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі кешенді бағдарламаларға және басқа да құжаттарға қол қоямыз», - деді Қырғыз Президенті.