Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевты Бішкекке ресми сапармен келуге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Бішкекке ресми сапармен шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Біздің елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған күннен бастап ширек ғасырдың ішінде екіжақты өзара іс-қимылды жолға қою бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Тең құқылық, өзара тиімділік және бір-бірінің ішкі ісіне араласпау ұстанымдары негізінде елдеріміз арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты белсенді нығайтуға ниеттіміз. Мен Нұрсұлтан Әбішұлын Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырдым. Аталған сапар аясында Қырғызстан мен Қазақстанның жоғары мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысын өткізу жоспарымызда бар», - деді ол Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында.

Сонымен қатар Сооронбай Жээнбеков Қазақстан Президентін 2018 жылдың қыркүйек айында Ыстықкөл жағалауында өтетін үшінші Дүниежүзілік көшпелілер ойының ашылу салтанатына шақырғанын айтты.

«Келесі жылы Қырғызстан ұлы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын атап өтеді. Қазақстан тысқары қалып қоймай, аталған датаға арналған мерекелік іс-шараларға белсене қатысады деп үміттенемін. Өйткені, қазақстандықтар аталған көрнекті қаламгердің шығармаларын жақсы көреді және оқиды», - деді Қырғыз Президенті.

Соңғы жаңалықтар