Сөредегі баға мен кассадағы баға сәйкес келмесе, тұтынушы не істеуі керек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Тауарды қайтару, ақшаны өндіріп алу, азық-түлік бағасына қойылатын шектеулер - мұның бәрі тұтынушы құқығына қатысты маңызды мәселелер.

тұтынушы
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Сатып алушының қандай құқықтары бар? Сатушы ақшаны қайтарудан бас тартса, қайда жүгіну керек? Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қойылатын шектеулер қалай бақыланады? Осы сұрақтарға Солтүстік Қазақстан облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Абаев жауап берді.

- Ғалымжан Абайұлы, алдымен өңірдегі жағдайға тоқталсаңыз. Биыл тұрғындардан қанша өтініш түсті?

- Осы жылдың он айында департамент 818 өтінішті қарады. Нәтижесінде тұтынушыларға 23 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл тұрғындардың өз құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға жүгініп жатқанын көрсетеді. Десек те, заң талаптарын білуі маңызды. Өйткені кейбір мәселелерді сатып алу кезінде-ақ шешуге болады.

- Тұтынушылар жиі кезігетін жағдайдың бірі - сөредегі баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі. Мұндайда сатып алушы не істеуі керек?

- Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 24-бабына сәйкес сатушы тауарды баға көрсеткішінде жазылған бағамен сатуға міндетті. Мысалы, сөреде тауардың бағасы 19 990 теңге деп көрсетіліп, кассада 22 990 теңге сұралса, тұтынушы сол тауарды көрсетілген баға бойынша сатып алуға құқылы. Егер ақшасын төлеп қойған болса, артық алынған 3 мың теңгені қайтаруды талап ете алады.

Осындай жағдайға тап болғанда тауардың өзін және баға көрсеткішін суретке түсіруге кеңес береміз. Төлем жасалған жағдайда кассалық чекті де сақтау қажет. Бұл кейін шағымданған кезде дәлел болады. Егер тауар сатып алынбаса, тауар мен баға көрсеткішінің фотосуреттерін сақтаған жөн.

- Ал сатушы сөредегі баға бойынша сатудан немесе артық ақшаны қайтарудан бас тартса ше?

- Мұндай жағдайда тұтынушы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Тауарды көрсетілген бағадан жоғары бағамен сату фактісі расталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлікке – 6 АЕК (26 мың теңге), орта кәсіпкерлікке – 10 (43 мың теңге), ірі кәсіпкерлікке 30 АЕК (130 мың теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген.

- Кейде дүкеннен киім сатып алып, үйге келген соң ұнамай қалуы мүмкін. Тауарды қайтаруға бола ма?

- Иә, заңда мұндай мүмкіндік қарастырылған. Егер тауар сапалы болса, бірақ тұтынушыға өлшемі, пішіні, түсі немесе басқа да сипаттамалары бойынша сәйкес келмесе, оны сатып алған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде айырбастауға құқығы бар. Ол үшін тауар пайдаланылмаған, тауарлық түрі, заттаңбалары мен пломбалары сақталуы керек.

Егер сатушыда тұтынушыға қажетті өлшемдегі немесе басқа сипаттамадағы балама тауар болмаса, сатып алушы тауарды қайтарып, ақшасын талап ете алады. Дегенмен бұл талап барлық тауарға бірдей қолданылмайды. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, іш киімдер, шұлық-ұйық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метражбен сатылатын тауарлар және заңда көрсетілген өзге де санаттар бойынша тауарлар тиісті сапада болған жағдайда да жалпы айырбастау және қайтару тәртібіне жатпайды.

- Ал сатып алынған техника немесе басқа тауар алғашқы қолданған кезде істен шықса, тұтынушы қандай талап қоя алады?

- Бұл жағдайда сапасыз тауар туралы сөз болып отыр. Заңның 15-бабына сәйкес тұтынушы тауардың кемшілігін өтеусіз жоюды, оны ауыстыруды немесе шартты бұзып, төленген ақшаны қайтаруды талап ете алады. Қажет болған жағдайда бағаны төмендетуді де сұрай алады.

Мысалы, адам дүкеннен мультипісіргіш сатып алды делік. Үйіне апарып, алғаш қосқан кезде құрылғы жұмыс істемей қалды. Мұндайда сатушыға жүгініп, тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.

Кемшілік кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде анықталса, тұтынушы тиісті талап қоя алады. Бұл мерзімдер белгіленбесе, жалпы қағида бойынша кемшілік тауар берілген күннен бастап екі жыл ішінде анықталуға тиіс. Кепілдік екі жылдан қысқа болып, кемшілік кепілдік аяқталғаннан кейін, бірақ екі жыл ішінде анықталса, тұтынушы кемшіліктің тауар берілгенге дейін пайда болғанын немесе оған дейін туындаған себептерден болғанын дәлелдеуге тиіс. Ал, 14 күндік мерзім бүлінбеген, пайдаланылмаған тауарға қатысты.

- Көп жағдайда сатып алушылар чекті жоғалтып жатады. Ондайда тауардың дәл сол дүкеннен алынғанын қалай дәлелдеуге болады?

- Сатып алуды растайтын өзге де дәлелдер бар. Мысалы, банк қосымшасындағы төлем туралы үзінді, сатушының белгісі қойылған кепілдік талоны, куәгерлердің айғақтары, фото немесе бейнежазбалар жарамды болуы мүмкін.

Интернет-дүкеннен сатып алған жағдайда тапсырыс туралы ақпарат, төлемді растайтын құжаттар және сатушымен жүргізілген хат алмасу көмектеседі. Сондықтан электрондық түбіртектер мен тапсырыс мәліметтерін де өшірмей сақтаған жөн.

- Егер сатушы тұтынушының талабын орындаудан бас тартса, ары қарай қандай әрекет жасау керек?

- Ең алдымен сатушыға жазбаша наразылық жолдау қажет. Онда тауардың қашан және қайдан сатып алынғанын, қандай мәселе туындағанын, сондай-ақ тұтынушының нақты талабын көрсету керек. Мысалы, тауарды ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды сұрауға болады.

Наразылықты сатушыға жеке тапсырған кезде оның екінші данасына қабылдағаны туралы белгі қойдыру керек. Ал пошта арқылы жіберсе, табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хат жолдаған дұрыс.

Заң бойынша сатушы тұтынушының наразылығын алған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Егер ол жауап бермесе немесе талапты орындаудан негізсіз бас тартса, азамат e-Otinish платформасы арқылы біздің департаментке өтініш жолдай алады. Өтінішке сатушыға жіберілген наразылықтың көшірмесін, оның табысталғанын растайтын құжатты және сатушының жауабын тіркеген жөн.

Ал ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алу немесе моральдық зиянды өтеу мәселелері сот тәртібімен шешіледі.

- Енді азық-түлік бағасына тоқталсақ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемақысы 15 пайыздан аспауы керек деген талап бар. Бұл қалай есептеледі?

- Иә, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемақысының шекті мөлшері белгіленген. Ол өндірушінің босату бағасына немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасына есептеліп, 15%-дан аспауға тиіс.

Мысалы, дүкен белгілі бір азық-түлік тауарын 200 теңгеге сатып алса, базалық сауда үстемақысы 30 теңгеден аспауы керек. Яғни тауардың сату бағасы осы есеп бойынша 230 теңгеден жоғары болмауға тиіс.

Биыл 19 қазаннан бастап шығыстарды есепке алудың жаңартылған тәртібі қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, тасымалдау немесе импорт шығындары тауарға тікелей қатысты болып, нақты жұмсалғаны құжатпен расталса, қосымша есепке алынуы мүмкін. Мысалы, белгілі бір тауарды жеткізуге 8 теңге жұмсалғаны құжатпен дәлелденсе, осы соманы есепке алуға болады. Бірақ негізсіз немесе құжатпен расталмаған шығындарды үстемақыға қосуға жол берілмейді.

Осы жылдың он айында облыста сауда саласындағы заң бұзушылықтар үшін 135 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 126-сы шекті сауда үстемақысын асырғаны үшін жауапқа тартылды.

- Тауар бағасына қатысты тағы бір маңызды мәселе – оның қай валютамен көрсетілуі. Кейбір дүкендерде импорттық өнімдердің бағасы шетел валютасымен жазылып жатады. Бұл заңды ма?

- Жоқ, заң талаптарына сәйкес Қазақстан аумағында теңгемен көрсетілуі керек. Бұл талап импорттық тауарларға да қатысты.

Егер дүкенде тауар бағасы доллармен немесе басқа шетел валютасымен көрсетілсе, бұл заң талаптарын бұзу болып саналады. Мұндай жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-бөлігі бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 6 АЕК, орта кәсіпкерлікке 10 АЕК, ірі кәсіпкерлікке 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұған дейін мейрамханада тұтынушы 10-15% қызмет ақысын төлеуге қаншалықты міндетті екенін жазған едік.