Сот 14 жасар жиһанкезге саяхат жасауға рұқсат берді
АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - Жер шарын айналып шығып, ең жас теңізші атанғысы келетін голландиялық Лаура Деккер саяхатқа шығуға соттан рұқсат алды. Былтыр сот жас жиһанкездің мұхитта жалғыз жүзуіне тыйым салып, оны мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қамқорына уақытша орналастырған еді, деп хабарлайды ВВС.
Лаураның Жер шарын айналып шыққан ең жас яхташы атану үшін өзінің сегізметрлік «Гуппи» яхтасын суға түсіруді армандағанына біраз уақыт болып қалды. Қазіргі уақытта бұл рекорд ағымдағы жылдың мамыр айында жер шарын жалғыз айналып шыққан 16 жасар Джекссика Уотсонның уысында.
Жас теңізші атануды армандаған Лаура Деккер 2009 жылдың желтоқсан айында сот қаулысын бұзып, Голландиялық Антиль аралдарына қашып кеткен еді. Ол сол жерден үйіне қайтарылды.
Енді Мидделбург қаласының соты 14 жасар жиһанкезге жалғыз жүзуге салған тыйымдарын алып тастады. Лаураның айы оңынан туып тұр.
Лаура Деккер, ата-анасы жер шарын айнала жетіжылдық саяхат жасап жүрген кезде, Жаңа Зеландия жағалауында яхтада дүниеге келіпті. Ол өзінің алғашқы яхтасына 6 жасында қол жеткізген және 10 жасынан бастап жалғыз өзі жүзе бастады.