Сот алқаларының төрағалары жаңа жүйе бойынша сайланатын болады
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Болашақта Сот алқаларының төрағалары жаңа жүйе бойынша сайланатын болады.
Бұл мәселеге қатысты тиісті заң жобасы қазір Парламентте қаралуда. Бүгін Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков аталмыш органның селекторлық мәжілісінде осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, сот алқаларының төрағалары үздіктердің үздігі болуы тиіс. «Бұл ретте бірінші кезекте болашақ төрағаның қоғамдағы орны, оның тазалығы және жемқорлықпен күрес саясатының тиісінше жүзеге асуына қаншалықты ықпал еткендігіне баса мән беріледі. Егер сотта сот тәжірибесі бұрмаланатын болса, бұл соттың әділетсіз жүргізіліп жатқандығының бірінші белгісі. Осы кезде сот алқасы төрағасының міндеті бұл әдісті түзетіп, немесе жөнге салу болады. Егер ол осы міндетті талапқа сай жүзеге асыра алмаса, біз мұндай азаматқа жауапты қызметті сеніп тапсыра алмаймыз», - деді М.Әлімбеков.