Сот Астанада оқушыны қағып кеткен әйелді «үйқамаққа» алу санкциясына қатысты түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың Алматы аудандық №2 соты 25 мамыр күні кәмелет жасқа толмаған баланы қағып, мерт қылған С. есімді әйелді үйқамаққа алу санкциясы берілді. Бұл туралы Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов мәлім етті.
None
None

«Нақтырақ айтқанда, Алматы аудандық ІІБ тергеу бөлімі ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімі бойынша күдікті С. есімді азаматшаны үйқамаққа алу шарасын санкциялау туралы өтініш берген. Бұл өтінішке сәйкес, күдіктіге қатысты үйқамаққа алу шарасын қолдану шешімі қабылданды. Мұндай шараны таңдауға әйелдің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны, ал құққы бұзушылық абайсызда жасалған санатында болуы негіз болды. Сонымен қатар, күдікті екі жасар баланы тәрбиелеп отырғаны және ол жүктіліктің төртінші айында екендігі де ескеріліп отыр. Әйел бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, мінездемесі жақсы, тұрғылықты мекен-жайы бар. Сот бұл өтінішті күдіктінің, прокуратура өкілі және адвокаттың қатысуымен қарастырды. Іс материалдары қаралып, барлық болжам расталды. Сот бұл өтінішті дұрыс деп танып, мұндай шара қолдануды санкциялады. Ол үш тәулік ішінде заңды күшіне енеді», - деді Н. Баяхметов.

Судья ақпаратына сүйенсек, сот тыңдауы басталғанға дейін күдікті үйқамақта болады. «Оған далаға шығуға (денсаулық жағдайына байланысты медициналық мекемелерге баруын ескермегенде), телефон арқылы сөйлесуге, бөтен адамдармен кездесуге тыйым салынады. Сот қаулысына сәйкес, тергеу органдарына бұл уақытта күдіктінің әрекеттерін бақылау тапсырылды», - деді ол. 25 мамырда күдікті «Тойота Ланд Крузер» көлігімен кәмелет жасқа толмаған, 2003 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып, оқушы оқиға орнында көз жұмды. Әйелге ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімі бойынша айып тағылды. Онда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруы жазасы белгіленген.

Соңғы жаңалықтар