Сот балалар үйі тәрбиеленушісінің тұрғын үй қорынан пәтер алу құқығын қалпына келтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қалалық соты азамат С-ның «Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-не, Павлодар қаласының әкіміне және Павлодар қаласының жергілікті атқару органының тұрғын үй комиссиясына тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қарады.
2009 жылғы 27 қазандағы қалалық тұрғын үй комиссиясының шешімімен талапкер 23 жасқа толуына байланысты есептен алынып тасталған. Іс материалдары бойынша талапкер 2002 жылдан бастап №1 тізімімен жетімдер санаты бойынша тіркеуде тұрған. Талапкер жетімдер үйінің тәрбиеленушісі, тұрғын үйді есептен алғаннан кейін де және сот талқылауы барысында да алмаған. Шағымдалған шешім Тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді, себебі талапкерді есептен алып тастауға болмайды. Өйткені, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар пәтер алғанша кезекте тұрады.
Сот шешімі бойынша 2009 жылғы 27 қазандағы Павлодар қалалық жергілікті атқару органының қалалық тұрғын үй коммисиясының шешімі талапкерді жеке тұрғын үй қорында жергілікті атқару органымен жалға алынған тұрғын үй немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде тіркеуден алып тастау туралы шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Сот, Павлодар қаласының жергілікті атқару органының қалалық тұрғын үй комиссиясын, «Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім» ММ-ін азамат С-ның заңмен қорғалған құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін толық көлемде қалпына келтіруді міндеттеді.
Сонымен қатар, сот тарапынан Павлодар қаласы әкімдігінің атына аталған іс бойынша бұдан әрі ұқсас жағдайларға жол бермеуге және заңдылықтың бұзылу фактісін жою туралы жеке ұйғарым шығарылды. Сот шешімі мен ұйғарым заңды күшіне енді.