Сот билігі мен ақпарат құралдары өкілдерінің қарым-қатынасын реттейтін нақты қатынас ұстанымдары қажет - Астана қалалық сотының төрағасы
АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Сот қызметіндегі әділдік бүгінгі қоғамда ең өзекті деген мәселелердің бірі. Осыған қарай біз де сот жүйесінің ашық, жариялы болуына күш салып отырмыз.
Осы ретте Астана қаласының соттары қоғам өкілдерімен пікір таластыруға, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын», - дейді Астана қалалық сотының төрағасы Сәкен Абдуллаев. Бұл туралы ол бүгін Астана қалалық сотының ғимаратында өтіп жатқан «Сот билігі және бұқаралық ақпарат құралдары» атты аймақтық семинар барысында айтты.
Қалалық сот төрағасының мәлімдеуінше, қоғамды елде болып жатқан үдерістерден ақпараттандырып отыру құқықтық, демократиялық қоғамға тән құбылыс. «Жалпы алғанда бүгінде журналистерге ақпаратты бұқаралық негізде тарататын құрал ретінде қоғамға ақпаратты нақты дәл көрсету бағытында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан елде сот билігі мен ақпарат құралдары өкілдерінің қарым-қатынасын реттейтін нақты қатынас ұстанымдары қажет. Осы орайда Астана қалалық соты әділ сот билігінің ашықтығын қамтамасыз етуде бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып жатқандығын айта керу керек. Бұл ретте азаматтар мен журналистер қауымының сотқа деген сенімін нығайту сот қызметінің басым бағыттары болып отыр», -дейді С.Абдуллаев.
Оның сөзінше, еліміздің Азаматтық процессуалдық кодексінің 150-ші бабы мен «Ақпараттандыру туралы» заңында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында мамандандырылған ауданаралық соты «Электронды үкімет» порталы арқылы биылғы жылдың қазан айынан бастап, электронды түрде берілген өтініш-арыздар қарауда. «Сонымен қатар елімізде алғаш рет бейнекконференциялық байланыс негізінде Астана қалалық сотында еліміздің әр аймақтарында тұратын 170-тен астам куәгерлердің қатысуымен сот процесі өтті. Бүгінгі форум да қоғам өкілдерінің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болады деген үміттемін», - деді қалалық сот төрағасы.