Сот дәрігер Юрий Шумковтың өліміне қатысты істің егжей-тегжейін жариялады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты гастроэнтеролог Юрий Шумковты өлтірді деген айыпталушыға қатысты істің егжей-тегжейін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот дәрігер Юрий Шумковтың өліміне қатысты істің егжей-тегжейін жариялады

Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкім жарияланғаннан кейін сотта қылмыстық істің мән-жайы таныстырылды.

«Сотталушы гастроэнтеролог Шумковқа медициналық көмекке жүгінген, тексеруден кейін ол өзінің денсаулығы нашарлады деп ойлап, дәрігерді өлтірмек болған. Ол үшін ол досының аңшы мылтығын ұрлап алып, автотұрақта дәрігерді күткен. Юрий Шумков көлікке отырған кезде сотталушы алдына келіп, оны атып тастаған. Содан кейін К.-ның басқаруындағы көлікке отырып, оны өлтіремін деп қорқытып, оны Алматы қаласының шағын аудандарының біріне апаруға мәжбүрлеген. Оны полицейлер байқап қалған. Ұстау кезінде Т. қарсылық көрсетіп, мылтықтың дүмімен полиция қызметкерлерінің бірінің басынан ұрған»,- делінген қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сотта прокурор тағылған айыпты толығымен қолдап, Т.-ға 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы Т. кісі өлтіргенін мойындады.

Сот үкімімен Т. адам өлтіру, ұрлық жасау және заңсыз қару сақтау, өлтіремін деп қорқыту және билік өкіліне күш қолдану бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сот сотталушының кінәсін ішінара мойындағанын, әрі оның қарауында екі кішкентай баласының болуы жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сондай-ақ, сот жазаны ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ»,- деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Бұған дейін сотталушы дәрігер Юрий Шумковтың туыстарынан кешірім сұраған еді.

Еске салайық, былтыр 4 сәуір күні Алматыда дәрігер емделуші пациентінің қолынан қаза тапты. Оны күдікті аңшы мылтығымен атып тастаған.