Сот Денсаулық сақтау министрін қамауға алу туралы қаржы полициясының ұсынысын, министрдің денсаулығының нашарлауына байланысты қабылдамады
ҚазАқпарат тілшісіне бұл туралы Астана прокуратурасының баспасөз хатшысы Дариға Мусина хабарлады.
«Прокуратураға ұсыныс (қаржы полициясынан -агенттіктің түсініктемесі) келіп түсті. Кеше оны Сарыарқа аудандық соты қарады. Министрдің денсаулық жағдайына байланысты ұсыныс кері қайтарылды», деді Д.Мусина. Ол сондай-ақ, қылмыстық іс бойынша тексерудің жалғасып жатқанын атап көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 21-інде қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғап, оны лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптаған болатын. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, сенбі, қыркүйектің 25-інде қаржы полициясында жауап алу кезінде министр инсультке ұшырап, келесі күні Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа кома жағдайында жеткізілген.