Сот еш себепсіз жұмыстан шығарылған ұстаздың құқығын қорғады - БҚО

ОРАЛ. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Жәнібек аудандық соты еш себепсіз жұмыстан шығарылған ұстаздың құқығын қорғап, қалпына келтірді.
None
None

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Жәнібек ауданының кәсіптік лицейінде еңбек шартына сәйкес, арнайы пәндерден сабақ беретін ұстаз өзіне қатысты жұмыстан шығару туралы бұйрық болмағанына қарамастан заңсыз жұмыстан шығарылған. Соның салдарынан үш ай жұмыссыз сенделуіне тура келген.

Осылай заңсыз тапталған құқығын қорғамақ оймен ол  бұрынғы арнайы пәндерден сабақ беруші қызметіне қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған үш ай уақытқа орташа еңбекақыны өндіру туралы талап  арызымен сотқа жүгінген.

Сотта жауапкер талапкердің бұрынғы жұмысына қайта алынғанын  түсіндірді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 177-бабының 2-тармағына сәйкес бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыздан бос жүрген (жұмыстан шеттетілген) барлық уақыты үшін орташа жалақысы немесе төмен ақы төленетін жұмысты орындағаны үшін бірақ алты айдан  аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленеді.

Сол себептен Жәнібек аудандық соты Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің  217-221, 223-баптарын басшылыққа ала отырып, ұстазды бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған үш ай уақытқа орташа еңбек ақыны өндіру туралы талап арызын ішінара қанағаттандыруға шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар