Сот ісіне қатысты хабарламалардың иесіне кедергісіз жеткізілуіне жол ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Енді сот ісіне қатысты хабарламалар яғни, сот шешімі, сот отырыстарының болатын уақыты жөніндегі хабарламалар еліміздің кез келген түкпіріне еш тосқауылсыз жеткізіледі. Жоғарғы Сотта жасалған меморандум осындай үлкен мүмкіндікке жол ашып отыр.
None
None

Бұл құжат Жоғарғы сот пен «Қазпошта» арасындағы тиімді әріптестік келісімді рәсімдейді. Келісімге Жоғарғы Соттағы судьялар қызметін қамтамасыз ету департаментінің жетекшісі І.Испанов пен «Қазпошта» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары М.Жарылқағанов қол қойды.

Жүзеге асқан бұл әріптестіктің тиімділігі хабарламалардың адресаттарға дер кезінде жеткізілуіне жол ашады. Бұл үшін соттардың кеңсе қызметкерлері арнайы сенімхат және акт бойынша пошта байланыс бөлімдерінен тоқсандық штрихты пошта идентификаторларын (ШПИ) иеленеді. Бұл арнайы код хатты жіберуде қолданылады.

Меморандумға қол қою сәтінде Испанов мырза бұл шараның үш тарап яғни, сот органдары, «Қазпошта» жүйесі және азаматтар үшін өте тиімді екенін атап көрсетті. Бұл шара өз кезегінде еліміздің сот жүйесі қызметінің ашықтығын, қолжетімділігін, тиіміділігін қамтамасыз етеді. Әсіресе, хаттардың дер кезінде жетуі азаматтар үшін қолайлы.

Мәселен, олар үшін соттардың отырысына жан-жақты дайындалу, қажет құжаттарды жинақтауға уақыт молынан жететін болады. Сонымен қатар әрбір хаттың адресатқа тию кепілдігі бар. Өз кезегінде оларды жіберудің шығыны да азайып, тараптар бұл шарадан кем дегенде жүз елу теңге үнемдейді.

Мұндай әріптестіктің өздері үшін тиімділігін Жарлықағанов мырза да қуана атап көрсетті. Оның айтуынша, аталмыш технологиялық байланыс нәтижесінде «Қазпоштадағы» еңбек өнімділігі бірнеше есе артпақ. Мәселен, хаттар жиі жіберілетін электронды адрестерді жазып жатудың қажеті болмайтыны жүйеде сақталып тұратыны хаттарды қабылдайтын оперторлардың уақытын бірнеше есеге үнемдеп, жұмыстың қарқынын өсіреді екен. Бұл әрине, жылына 19-20 млн дана, ал күніне 19 мың хат-хабар жөнелтіп, олардан жауабын күтетін еліміздің сот органдары үшін өте тиімді болмақ.

Соңғы жаңалықтар