«Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің жаңа қызметтері іске қосылды - Ілияс Испанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының республика судьяларының алтыншы съезінде берген тапсырмаларының бірі - азаматтардың сот төрелігіне кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету, сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері.
Осы міндеттің қалай орындалып жатқаны туралы Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов кеңінен тоқталып өтті.
- Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы және осыған байланысты қоғам сұранысының артуы оларды сот жүйесінің қызметінде пайдалануды ұдайы жетілдіруді қажет етеді. Жоғарғы Сот 2014 жылы іске қосқан «Сот кабинеті» сервисі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сондай-ақ сот жүйесінің анықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жедел жұмыс істеуіне бағытталған.
«Сот кабинеті» азаматтарға сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап-арыздарды (арыздарды), апелляциялық шағымдарды, өтінішхаттарды электрондық құжат нұсқасында беруге, мемлекеттік бажды интернет арқылы немесе пайдаланушы үшін қолайлы басқа орындар арқылы онлайн режимінде төлеуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда сервисті пайдаланушылар саны - 52 438 адам. Сервис жұмыс істеген уақыт ішінде соттарға электрондық түрде 660 875 құжат берілді.
«Сот кабинеті» 2016 жылдан бері пайдаланушыларға жетілдірілген түрде қызмет көрсете бастады. Оның құрылымы да өзгерді.
Жаңарған сервис әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) іс-әрекеттеріне шағым (ӘҚБтК-нің 44-тарауына сәйкес); әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды қайта қарау туралы шағым (ӘҚБтК-нің 45-тарауына сәйкес); талап-арыздар мен шағымдар бойынша хабарламалар, сондай-ақ «Талдау» форумы сияқты қосымша бөлімдерді қамтиды.
Осы жылғы 1 наурыздан бастап пайдаланушыларға хабарламаларды жіберу қызметі іске қосылды. Ол шығарылған сот актісі бойынша хабарлама жібереді әрі сол сот актісін PDF форматында көру үшін сілтеме жасайды. Сонымен қатар, хабарлама арқылы «Істерді қарау барысы» бөліміне ауысуға мүмкіндік бар. Осының нәтижесінде іс бойынша шығарылған барлық сот актілерін көруге әрі жазып алуға болады.
«Сот кабинеті» сервисінде іске қосылған «Талдау» форумы туралы ерекше айтқым келеді. Ол Істер санаттарының бірыңғай жіктегішін, материалдарды, сот практикасының қорытуларын және Сот актілері дерекқорын, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын пайдаланудың негізінде құрылды. «Сот кабинеті» бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Сот кабинеті» сервисін пайдаланушылар оның мүмкіндіктерін, яғни оны тұрғындардың кеңінен пайдаланатынын, осы сервистің адвокаттардың, судьялардың және соттар мамандарының тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтық мәдениетінің артуына, азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын қорғауына оң ықпал етіп отырғанын атап көрсетуде.
Алдағы уақытта пайдаланушыларға атқару парақтарын, шағымдар мен өтінішхаттарды ҚПК-нің 106 және 107-баптарына сәйкес қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен электрондық түрде жіберуге мүмкіндік беретін бөлімдерді ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ сот актісіне шағым беру мерзімі және сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі қызметтер іске қосылады.
Қазіргі заманғы электрондық технологияларды сот жүйесіне енгізу азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу деңгейін арттыруға, құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік берді.
«Сот кабинеті» туралы пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды 707-0245 @sud.kz электрондық адресі бойынша Жоғарғы Соттың жауапты адамына жіберуге болады. Сонымен қатар кез келген адам осы мәселелер туралы Байланыс орталығы - 1401 телефоны бойынша хабарласа алады.
Ілияс Испановтың айтуынша, жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасатын болады.