«Сот кабинетіне» апостильдеу функциясы қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Соты «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызметін оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде жаңа «апостильдеу» функционалын іске қосты.
None
None

«Апостильдеу» функционалы арқылы ресімдеуге тиісті құжаттарды алу үшін азамат сотқа сот актісінің көшірмесін беру туралы өтініш жолдайды.

Сот мұрағатынан қажетті сот актісі табылған жағдайда, оның көшірмесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданып, Салық кодексіне сәйкес, көшірмені алу үшін тиісті мемлекеттік баж салығын төлеу туралы ақпарат жолданады.

Егер қажетті сот актісі сот мұрағатынан табылмаса, ол туралы ақпарат өтініш берушіге жолданып, мемлекеттік мұрағатқа хабарласу қажеттігі ескертіледі.

Мемлекеттік баж салығы төленгендігі туралы мәлімет алынған соң, сот актісінің көшірмесі ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне апостиль қойылу үшін жолданып, ол туралы өтініш берушіге хабарланады.

Өтініш беруші департаментке тиісті құжаттың жолданғандығы туралы мәлімет алған соң, апостиль қою туралы өтініш жолдап, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 50 пайызы көлемінде  мемлекеттік баж салығын төлейді.

Жоғарыда аталған баж салығын онлайн режімде төлеуге болады.

Тиісті сот актісінің көшірмесі түскен кезде департаменттің жауапты қызметкері құжатқа мөр мен қолтаңба қойып, апостильдейді. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесінде апостильденген құжат өтініш берушінің қолына беріледі немесе пошта арқылы жолданады.

Мемлекеттік қызметтің көрсетілуін оңтайландыру оның қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Сот актісінің көшірмесін алу және оны апостильдеу үшін азаматтарға сот ғимараттарына қағаз құжаттарды алып келудің қажеті жоқ. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар азамат кез-келген жерден апостиль қою туралы өтінішін электронды түрде жолдай алады.

Өтініш беруші өзі жолдаған өтінішінің қаралуы бойынша жеке кабинетіне келіп түсетін ақпараттар арқылы хабардар болады.

Соңғы жаңалықтар