Сот ҚР Шекара қызметінің бұрынғы басшысының кассациялық шағымын қанағаттандырмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы кассациялық шағымды қанағаттандырған жоқ. Сотталушыға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Сот ҚР Шекара қызметінің бұрынғы басшысының кассациялық шағымын қанағаттандырмады

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Әскери соттың баспасөз қызметінен хабарлады.

Сотта кассациялық шағымды 3 маусым күні сотталушының зайыбы бергенін нақтылап өтті. Естеріңізге сала кетейік, бірінші инстанциялы соттың 2015 жылғы 6 наурыздағы үкімімен Н.Жоламанов ҚР ҚК-нің 235 бабының 3 бөлімімен, 366 бабының 4 бөлімімен айыпты деп танылды. Оған 11 жыл бас бостандығынан айыру, өзінің иелігіндегі және бірлескен иелігіндегі үлесі болып табылатын мүлкін тәркілеу, өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметте жауапты және басқарушы қызметтерді атқармау, мерзімін қатаң режімдегі түзеу колониясында өтеу жазасы тағайындалған.