Сот мәліметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуде көптеген өзгерістер бар - «Әділ сөз» қорының президенті
АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калееваның пікірінше, бүгінде сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қарым-қатынас пен сот билігінің әділдігін қамтамасыз етуде көптеген өзгерістер бар.
Бұл пікірін қор президенті бүгін Астанада өтіп жатқан «Сот билігі және бұқаралық ақпарат құралдары» атты аймақтық семинар барысында білдірді.
Оның пайымдауынша, сот қызметінің әділдігіне қол жеткізуде мүлдем проблема жоқ деуге әлі ерте. Дегенмен журналистер қауымы мен сот билігінің ынтымақтастығы жетіліп келе жатқандығын айтуымыз керек. «Ең бастысы сот мәліметтеріне деген қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын Қазақстанның судьялар одағының түсінетіні қуантады. Олар тіпті бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығының қолдауымен түрлі бастамалар да көтеріп жүр», - деді Т.Калеева.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекетімізде сот мәліметтеріне қолжетімділік мәселесін шешу әлі біршама тер төгуді қажет етеді. «Бәлкім бұл ретте заңнамалық өзгерістер, тәжірибелік өзгерістер қажет болар. Ең бастысы, бұл ретте де айтарымыз, еліміздің барлық соттарында баспасөз хатшыларының қызметі сот билігі мен ақпарат құралдарының қарым-қатынасына үлкен өзгерістер әкелді. Алайда өсіп, жетіліп отыру үздіксіз үдеріс. Сондықтан бұл мәселелер ылғи да біздің назарымызда болады», - деді қор президенті.