Сот-медициналық сараптама Досқалиевқа дененің сол жағының сал болуы диагнозын жоққа шығарды

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сот-медициналық сараптама Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Досқалиевқа қойылған сол жақты гемиплегия немесе дененің сол жағының сал болуы диагнозын жоққа шығарды.

Сот-медициналық сараптама Досқалиевқа дененің сол жағының сал болуы диагнозын жоққа шығарды

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы 9 қарашада аталған комиссия Астана қаласының тергеу изоляторына барып, Досқалиевті медициналық тексеруден өткізген. Сондай-ақ 2000 жылдан бастап оның ауру тарихы, бұрын өткізілген дәрігерлер консилиумдарының қорытындылары және құрамында ресейлік және қазақстандық мамандар бар тәуелсіз комиссияның тексерулері зерделенген.

«Ұлттық ғылыми-медициналық орталығы дәрігерлерінің Досқалиевқа осы мекемеде 2010 жылғы 26 қыркүйектен 12 қазанға дейінгі аралықта болған кезеңде қойған «Ми қан айналымының қатаң бұзылуы» диагнозы шындыққа сәйкес келмейді», - деді ол.

Сарапшылардың қортындысы бойынша Досқалиевтің сол жақ қол-аяғында бұлшық ет тонусы өзгермеген, сол жақ қол-аяғында бұлшық ет атрофиясы анықталмаған, пациент қысқа уақытқа сол жақ қолы мен аяғын басқарусыз құлаудан ұстайды. Бұл сол жақты гемиплегияны немесе дененің сол жағының сал болуын жоққа шығарады. Сөйлеу қабілеті бұзылмаған. Адекватты, кеңістікті, уақытты және өзінің тұлғасын түсінеді. Өзін-өзі күтуін қиындататын қандай да бір неврологиялық жетіспеушілік анықталмаған, өзгенің тұрақты көмегін қажет етпейді. Мамандандырылған стационарлық емдеуге қажетті клиникалық көрсеткіштер жоқ.

«Демек, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бұдан бұрын өткізілген ресей-қазақстандық медициналық комиссиясының тәуелсіз зерттеуін және Досқалевті тергеу изоляторында ұстаудың негізділігін растайды», - деп атап өткен ресми өкіл сараптаманың қорытындысына сәйкес, бұрынғы министрдің қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жүргізуге, сұрақтарға жауап беруге және іс материалдарымен танысуға қатыса алатындығын жария етті.

Сондай-ақ М.Жұманбай қылмыстық іс бойынша барлық тергеу амалдары Досқалиев адвокаттарының қатысуымен өткізіліп жатқандығын да айтты. Оған айыпталушы ретінде құқықтары түсіндірілген соң тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша жауап беру ұсынылған. Алайда қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес құқын пайдаланған Досқалиев үш рет жауап беруден бас тартқан.

«Досқалиевқа қатысты қылмыстық істер тергелуде. Қаржы полициясы органдары тергеу мүддесіне байланысты аталған қылмыстық істерді тергеудің барысы мен нәтижелерін жұртшылықты оның өндірісі аяқталғаннан соң хабардар ету құқығын пайдалану мүмкіндігін ескертеді», - деп түйіндеді сөзін ресми өкіл.