Сот өндірісінде қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып барады ? Жоғарғы сот судьясы
АСТАНА. Мамырдың 22-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республикада адвокаттар қызметін ұйымдастыру ісінде көптеген проблемалар бар.
«Меніңше оған себеп болып отырған басты мәселе, Әділет министрлігі адвокатураны барынша әкімшілендіруге күш салып отыр. Ал іс жүзінде министрлік бұл саланы әкімшілендіруден мүлдем бас тартуы қажет еді. Жалпы адвокаттардың ісіне мемлекеттің мүлдем араласпағаны дұрыс. Өйткені олар қоғамдық бірлестік», - дейді Жоғарғы сотың судьясы Сансызбек Райымбаев. Ол бұл жайлы бүгін Жоғарғы сотта «Азаматтық сот өндірісіне қатысушылар институтын жетілдіру мәселелері» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. С. Райымбаевтың пайымдауынша, Әділет министрлігіне адвокат қызметін лицензиялаудан бас тартуы қажет. «Бүгінде адвокат конторларының көпшілігі облыс орталықтарында орналасқан. Ал олардың көбі гонорардың аздығына байланысты аз қамтылған отбасының мүшелеріне қызмет көрсетуден бас тартады. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік тілде адвокаттық кеңес беру жұмыстары жоққа тән. Осындай келеңсіз жағдайлардың кесірінен сот өндірісінде қазақ тілінің қолданылуы аясы тарылып барады», - деді судья. Оның сөзіне қарағанда, адвокаттар заңдық қызмет көрсету нарығында бәсекелестік қалыптастыра алмай отыр. Ал өздігінен заңгер болып жүрген азаматтар саны артуда. Заң саласына қызмет көрсететін жекелеген компаниялар ірі компаниялар мен фирмаларға ғана қызмет көрсетуді қолайлы санайды. «Бұл мәселені шешудегі жүзеге асырылуы тиіс басты шаралардың бірі - адвокаттарға ерік беру».