Сот органдарын кездейсоқ адамдардан тазарту қажет - Елбасы

sp;АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Судьялар мемлекеттегі жалақысы ең жоғары мемлекеттік қызметкерлердің бірі.

Сот органдарын кездейсоқ адамдардан тазарту қажет - Елбасы

 Биылғы жылы жергілікті соттардың айлық жалақылары бірден 60 пайызға артты. Жалақыны осынша көлемде бірден арттыру ешқандай салада болған емес. «Бұл шараның неліктен қолға алынып отырғандығын судьялар жақсы түсінеді деген ойдамын», деді

бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ елімізде судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де көп көңіл бөлініп отырғандығын атап өткен Елбасы: «Мемлекет олардың зейнеткерлік жасын ұлғайту бойынша да тиісті шаралар қолданды. Осыған орай судьялар 65 жасқа дейін жұмыс істей алады. Ал оның қызметі мінсіз болса, судья 70 жасқа дейін жұмыс істей алады. Көріп отырғандарыңыздай, біз судьялар үшін өте көп мүмкіндіктер жасап отырмыз. Сондықтан да біз судьялар заңның үстемдігінің кепілі бола алатындай істерді жүзеге асырады деп үміттенуге құқылымыз», деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сот саласында әлі шешілмеген мәселелердің көптігін атап өтті. «Біріншіден, сот органдарында ар-ұжданнан ада азаматтар кездеседі. Сот кадрларын іріктеу жүйесі өте күрделі немесе елімізде сот кадрларын іріктеуге қатысты талап өте қатаң. Соған қарамастан еліміздің сот жүйесі өзін  кездейсоқ адамдардан толық қорғай алмай отыр. Ал  еліміздің бүкіл құқық қорғау жүйесінде тек ары таза, ешқандай дүниеге сатылмайтын азаматтардың  ғана жұмыс істеуі шарт», деді Президент.